ЭКСПО-2017 • 29 Маусым, 2017

Күмісай – 100 мыңыншы көрермен

203 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­дырылған көрмесі қалашығындағы әлемнің 115 мемлекеті мен 22 жаһандық ұйымдарының павильондары жұмыс істеп тұр. Олардың ішінде көлемімен де, жәдігерлерінің мазмұндылығымен де көрмеге келушілерді қызықтыратындары баршылық. Солардың бірі – Ресейдің павильоны.

Күмісай – 100 мыңыншы көрермен

Өткен дүйсенбі күні Ресей Федерациясының ұлттық павильонында ерекше есте қалатын оқиға болды. Бұл күні павильонға арнайы қойылған камера  100 мыңыншы көрермен­нің келгенін тіркеді. 100 мыңыншы қонақты павильонның  қызметкерлері, волонтерлер мен гидтер үлкен құрметпен, ду қол шапалақтап қарсы алды. Ерекше атап өтетін бір мәселе, 100 мыңыншы көрермен құрметіне ие болған – маңғыстаулық жас жұбайлар Күмісай мен Лиридо екен. Астанадағы жаһандық көрмеге Ақтаудан арнайы келген жас жұбайлар жақында ғана отау құрған. Күмісай Астанада оқуда жүріп, осында қызмет атқаратын Албания азаматы Лиридомен тұрмыс құрған көрінеді.
Ресей павильонының директоры Юлия Лопарева 100 мыңыншы қонақтарға құрмет көрсетіп, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Сонымен бірге, Күмісай мен Лиридо ЭКСПО-2017 көрмесі аясында өткізілетін мәде­ни шаралар бағдарламасы негізінде 5 шілде күні өтетін Полина Гагарина мен Егор Криданың концертіне екі тегін билетке ие болды. 
«Біз елден келгеннен кейін бірінші кезекте ЭКСПО-2017 көрмесін аралауды жоспар­лаған едік. Бүгін сол жоспарымыз орын­далды. Көрмеге келген сапарымыз осын­дай, есте қалатындай әсерлі болады деп ойлаған да жоқ едік. ЭКСПО-дан алған әсері­міз­бен қоса, үлкен құрметке бөлендік. Біз арала­ған павильондардағы жаңғырмалы энергия тақы­ры­бындағы жәдігерлер шынымен көңіл­ден шықты. Енді осы озық идеялар мен жаңа технологияларды еліміздің энергетикасын дамытуға кеңінен пайдалана білсек, нұр үстіне нұр болар еді», дейді Күмісай қуанышын жасыра алмай күлімдеп.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»